
НАУРЫЗНАМА

Биыл Наурыз жаңаша форматта тойланады

14 наурыздан бастап елімізде Наурызнама онкүндігі өтеді. Онкүндік аясында 1,5 мыңнан астам мәдени, спорттық және қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Наурызнаманың әр күні қоғамның түрлі саласына арналып, ұлттық дәстүр мен құндылықтарды дәріптеуге бағытталады. Бұл көпкүндік тойлау дәстүрі халқымыздың мәдени мұрасымен үндеседі.
Қазақ халқы үшін Наурыз – жай ғана күнтізбедегі мейрам емес. Бұл – ұлттың бірлігі мен татулығын, бауырмалдық пен ізгілікті дәріптейтін, табиғат пен тіршіліктің жаңаруын білдіретін ерекше мереке.

Қазақ қоғамында Наурыз мейрамын тойлау бір күнмен шектелмеген. Керісінше, бұл мереке бірнеше күнге, кей өңірлерде тіпті оншақты күнге дейін жалғасқан. Осындай мерекелік күндер халық арасында «Наурызнама» деп аталып, әр күні түрлі салт-дәстүрлер мен игі шараларға толы болған.

Бұл күндері адамдар бір-біріне ақжарма тілектер айтып, өкпе-реніштерін ұмытып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, татулық пен бірлікті дәріптеген.